Атырауда 37 жастағы ер адамнан синтетикалық есірткінің 1 мыңға жуық дозасы тәркіленді

Автор: Azattyq Rýhy

Күдікті қамауға алынды

Фото: depositphotos.com

Атырауда 37 жастағы ер адамнан синтетикалық есірткінің 1 мыңға жуық дозасы тәркіленді. Есірткінің құны – шамамен 8 млн теңге. Бұл туралы Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ПД мәліметінше, синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан ер адам ұсталған. 

«Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен кинология орталығының қызметкерлері Атырау қаласында бірлескен жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Іс-шара кезінде Азаттық даңғылында орналасқан көпқабатты үйде синтетикалық есірткі заттарын таратумен айналысқан 1987 жылғы ер адамды ұсталды. Күдіктіге тінту жүргізіліп, құны 8 млн теңге шамасын құрайтын «Альфа-PVP» синтетикалық есірткінің 1 мыңға жуық дозасы табылды. Есірткі заттарын заңсыз сату күдігіне ілінген ер адамның Telegram қосымшасы арқылы аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды өткізу, сатып алу және сақтаумен айналысатын жарнама арқылы жеңіл пайда тапқысы келгені белгілі болды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір күдікті ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабымен қамауға алынды. Өзге ақпарат аталған құжаттың кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.