«Ол азаматтығын көрсетті»: Жұлдыз Әбдікәрімова күйеуінің қамауға алынуына қатысты пікір білдірді
Қайрат Нұртас ұшақ бортында төбелескені үшін сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынған болатын

Белгілі әнші Қайрат Нұртастың 15 тәулікке қамауға алынуы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Көпшіліктің аталған оқиғаға қатысты әншінің жұбайы, актриса Жұлдыз Әбдікәрімованың пікір білдіргенін күтіп жүргені жасырын емес. Әбдікәрімова бүгін Instagram парақшасында оқырмандарының сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шетелде балаларымен демалып жатқан Жұлдыз Әбдікәрімова Instagram-дағы парақшасына күйеуіне қатысты сұрақтар қарша бораған соң жауап жазуға мәжбүр болғанын айтады. Сондай-ақ ол өз жазбасында бұған дейін жеке мәселесін ешқашан әлеуметтік желіде талқыламағанын, бірақ балаларға бола, бүгін бұл ұстанымынан аттауға бар екенін жазады.
«Сіздердің жазғандарыңызды балалар оқып жатыр. Бұл оқиғада менің барлық назарым балаларымда. Қыздар жасөспірім шақта. Ұлдар намысшыл. Ата-анасы өнер адамдары болғаны үшін олар неге қиындық көруі керек? Заң алдында Қазақстанның барлық азаматы бірдей. Ол азаматтығын көрсетті. Қателескенін ескеріп, жауап беруге дайын екенін дәлелдеді. Балаларға түсіндіруге тырыстық. Енді Сіздер де доғарыңыздар! Балаларға ауыр тиіп жатыр!», - деп жазды Жұлдыз Әбдікәрімова.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Қайрат Нұртас ұшақ бортында төбелескені үшін сот шешімімен 15 тәулікке қамауға алынған болатын.