Қосшыда жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын

Автор: Azattyq Rýhy

Облыс әкімі салынып жатқан білім нысандарының құрылыс қарқынын тексерді

Фото: Қосшы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов жұмыс сапары аясында Қосшы қаласындағы мектеп пен Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылындағы жайлы мектептің де құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл туралы Azattyq Rýhy облыс әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Облыс әкімі салынып жатқан білім нысандарының құрылыс қарқынын тексерді.

Қосшы қаласының қарқынды дамып келе жатқан аудандарының бірінде 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын қалды. Бүгінгі таңда мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қабанбай батыр ауылында 1200 орындық жайлы мектеп құрылысының барысы да тексерілді. Мердігер компания өкілдері Әділхан Әбілдиннің айтуынша, жоба қызу жүріп жатыр.

«Учаскеде құрылыс-монтаж жұмыстары, ғимаратты қаптау, ішкі әрлеу жұмыстары, инженерлік желілер жүргізілуде. Жабдық пен басқа да бірқатар материалдарды жеткізу бойынша келісімдер жасалды», - деді А.Әбілдин.

Аймақ басшысы балаларға сапалы білім беруде құрылыс жұмыстарының талапқа сай болуы маңызды екеніне тоқталды.

«Біз заманауи, техникалық жабдықталған оқу орындарын салуымыз керек. Біздің балаларымыз жақсы жағдайда оқуы керек. Ең бастысы, құрылыстың сапалы жүргізілуін қамтамасыз ету және барлық нысандардың мерзімінде тапсырылуын бақылау қажет. Білім басқармасы және аудан әкімдігінің басшылығы мектептерді кәсіби педагогикалық кадрлармен қамтамасыз етіп, балалардың дамуына қосымша мүмкіндіктер жасауы қажет. Оқушылардың сапалы тізімін жасап, мектептер арасында теңдей бөліңіз», – деді М.Ахметжанов.

Келесі кезекте облыс әкімі Қоғамдық мәдени-спорттық орталыққа салынып жатқан кіреберіс жолдар құрылысының барысымен танысты.

Бүгінде мердігер ұйым жол жамылғысын жабар алдындағы қиыршық тас төсеу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы жобаға асфальт төсеу, жаяу жүргіншілер жолы, көшелерге жарықтандыру орнату, аумақты абаттандыру және таңбалау жұмыстары кіреді. Жолдың қашықтығы – 1 шақырым.

Сапар қорытындысы бойынша облыс әкімі қала әкіміне нысандардың құрылыс барысын бақылауды және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша алдағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.