Атырау облысында бір ауылды мыңдаған бақа басып қалды

Azattyq Rýhy

Бақалар ауылдағы жолдарды, бақшалар мен үйлердің ауласын басып қалды

Атырау облысында бір ауылды мыңдаған бақа басып қалды
Фото: Видеодан скрин

Атырау облысындағы бір ауылды мыңдаған бақа басып қалды. Ұзындығы екі сантиметрден сәл асатын кішкентай қосмекенділер Қызылқоғаның Бүйрек ауылындағы жолдарды, бақшалар мен үйлердің ауласын басып қалды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Hello Atyrau басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жергілікті тұрғындар бұл құбылысты су тасқынынан кейін су деңгейінің төмендеуімен байланыстырып отыр. Қызылқоғалықтар таң қалғанмен, шағымданған жоқ. Олардың айтуынша, бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған, өйткені бұл аймақтың топырағы құрғақ әрі құмды болып саналады.

«Көктемде маңайымызды су басып қалды. Ойыл өзенінің деңгейі көтеріліп, кей жерлерде су арнасынан шығып кеткен. Қазір деңгейі айтарлықтай төмендеді. Суы кетпеген жер батпаққа айналып, бақа қаптап кеткен. Әсіресе түнде көп. Үйге секіріп кіріп, бақшадағы құлпынай, таңқурай, қызанақ секілді өсіріп отырғандарды жеп кетеді», - дейді жергілікті тұрғын Асқар Айдынов.

Экологтардың айтуынша, қазір Қызылқоға өңірінің топырағы дымқыл, сол себепті бақалар пайда болған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.