Павлодарлық дәрігерлер бүйрегі істен шыққан бір жасар баланы құтқарды

Автор: Azattyq Rýhy

Барлығы 72 сағат ішінде баланың бүйрек функциясын толығымен қалпына келтіруге мүмкіндік туды

Фото: freepik.com

Бала ішек инфекциясымен ауруханаға түсіп, оның асқынуы бүйрекке әсер етті. Бүлдіршіннің жағдайы ауыр болған. Сондықтан дәрігерлер гемодиализ процедурасын сол жерде жасауды шешкен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар-онлайнға сілтеме жасап.

Әдетте мұндай процедураны балаларға тек Астана мен Алматыда жасайды. Бұл Павлодар облысында гемодиализ жасалған алғашқы бала.

«Бала жедел бүйрек жеткіліксіздігімен анурия сатысында реанимация бөліміне түскен. Перитонеалдық диализ жүргізу үшін катетер қойылды. Алайда жағдай жақсармады, керісінше нашарлай түсті - бүкіл денеде ісінулер пайда болды, қан анализдерінде креатинин мен мочевина көрсеткіштері өсті», - деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.

2023 жылы облыстық балалар ауруханасына алынған Prismafex аппаратында гемодиафильтрация процедурасын бастау туралы шешім қабылданды.

«Алғашқы алты сағатта креатинин мен мочевина көрсеткіштерін нормаға келтіруге қол жеткізілді. Бірінші тәулікте ісінулер азайды. Ал үшінші тәулікте зәр пайда болды. Барлығы 72 сағат ішінде баланың бүйрек функциясын толығымен қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты. Бала оң динамикамен кардиорефрология бөліміне ауыстырылды», - деп хабарлады дәрігерлер.