Қазір республика бойынша күніне 4500 сот отырысы қашықтан өтеді
Қазақстанда төтенше жағдай енгізілгелі күніне 4,5 мың онлайн сот отырысы өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».
«Қазіргі қиын жағдайға қарамастан, судьялар өз жұмысын қалыпты режимде, бірақ басқа форматта жалғастырып жатыр. Отырыстар «ватсап», «зум» сияқты түрлі платформалар арқылы өтеді. Қазір соттасатын уақыт емес. Дегенмен, қашықтағы жұмысымыз едәуір көбейді», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының судьясы Мәдина Дәулетова.
16 наурыздан бері елордада төтенше жағдай режимін бұзған 834 азаматтың ісі қаралды. Карантинге дейін елімізде күніне 150 сот отырысы қашықтан өткізілетін. Қазір бұл көрсеткіш 30 есе артып, 4500-ге жетті.