Бірінші кезеңде жол жөндейтін және жүк тасымалдаушы компаниялар, асфальт зауыттары жұмысқа кіріседі
28 сәуірден бастап Солтүстік Қазақстан облысында карантин ережелеріне өзгерістер енгізіледі. Жұмысы уақытша тоқтатылған бірқатар нысан өз қызметіне қайта кіріспек. 45 мың адам жұмысқа шығады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл жөнінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті «Қызылжар» телеарнасы арқылы өткен онлайн брифингте мәлімдеді.
«Олыста 131 мың қызметкері бар 5 500 кәсіпорын жұмыс істеп келеді. Шағын және орта бизнес қана уақытша қызметін тоқтатты. Президенттің тапсырмасына сай, бірінші кезеңде жөндеу және құрылысқа тартылатын кәсіпорындар ашылады. Жол жөндейтін және жүк тасымалдаушы компаниялар, асфальт зауыттары өз қызметіне кіріседі. Аймақтағы үлкен құрылыс компаниялары жұмысын тоқтатқан емес. Енді шағын құрылыс компаниялары да ашылады», - деді Құмар Ақсақалов.
Бірінші кезеңде барлығы 45 мың адам жұмысқа шықпақ. Халыққа қызмет көрсету орталықтары кәсіпкерлер үшін жұмыс істей бастайды. Ал тұрғындарға онлайн форматта қызмет көрсетіледі.
«Осы аптада облыста жөндеу жұмыстары басталады. 377 әлеуметтік маңызы бар нысан қамтылмақ. Бұл жұмысқа 6,5 мың адам тартылады. Азық-түлік дүкендері мен супермаркеттердің жұмысын да өзгертеміз. Олар таңғы сегізден кешкі жетіге дейін ашық болады. Оған қоса, 28 сәуірден бастап саяжайға баруға рұқсат беріледі. Бірақ, уақыт жағынан шектеулер бар», - деді СҚО әкімі.
Ауруханаға жоспарлы түрде жатқызу және кеңестік-диагностикалық көмек көрсету жұмыстары қайта жандана бастайды. Оған қоса, адвокат кеңселері, автожуу, шиномонтаж, техникалық қызмет көрсету станциялары, химиялық тазарту, техника жөндеу нүктелері қайта ашылады. Тұрғындарға өз ауданында орналасқан нысандарда ғана баруға рұқсат етіледі.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО