«Қой бағуға шыққан»: Түркістан облысында жоғалып кеткен екі жасөспірім табылды
Жасөпірімдер Таукент ауылының маңындағы штабқа тікұшақпен жеткізілді
Түркістан облысында жоғалып кеткен екі жасөспірім табылды. Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ТЖД мәліметінше, оқиға Созақ ауданында болды. 16 жастағы екі жасөспірім қой бағуға шығып, қайта оралмаған.
«Іздестіру-құтқару жұмыстарына Түркістан облысы жедел құтқару жасағының 4 құтқарушысы, 1 техникасы және 1 кинологиялық есеп қызметі, Түркістан облысы ТЖД-нің 14 қызметкері мен 3 техникасы, 2 пилотсыз ұшу аппараты, полиция департаментінің 33 қызметкері жұмылдырылды», - делінген ақпаратта.
Сондай-ақ ТЖМ қарасты «Қазавиақұтқару» мекемесінің еврокоптер тікұшағы мен жергілікті тұрғындар және еріктілер тартылды.
«Құтқарушылардың күшімен 28 маусым күні сағат 16:00-де жоғалған жасөспірімдер «Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы» РММ аумағынан табылды. Медициналық көмек қажет етпеді. Жасөпірімдер Таукент ауылының маңындағы штабқа тікұшақпен жеткізілді», - делінген ТЖД мәлімдемесінде.