«Болашақтағы» дау: Бас прокуратура тексеріс жүргізеді (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Лондон асқан түлек Валерия Гавриленко пәтері қайта кепілге алынды

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

«Болашақ» халықаралық бағдарламасымен Ұлыбританияға аттанып, кейін өз мойнындағы жауапкершіліктен құтылып кетпекші болған түлек Валерия Гавриленко шартқа сәйкес, қайтадан пәтерін кепілге қойды. Ол мемлекет алдындағы 30 млн теңге борышын өзі төлеуге міндеттелді. Ал түлекке гарант болған екі азаматша – Дәрібаева Мақпал мен Наталья Воробьева жауапкершіліктен босатылды. Олар енді гарант емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек журналистер сауалына жауап беру кезінде айтты.  

«Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының екі гарантқа ешқандай сұрағы жоқ. Келісімшарт бұзылды, қайта жазылды. Ол екі азаматша енді гарант емес. Тексеріс жүргізілді, кепілдікке қойылып, шығарылған үйлер қайтадан келесімшарт негізінде кепілге қойылды. Біз Бас прокуратураға хат жолдадық, 2018-19 жылдары заңсыз іс-әрекетке барған «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының қызметкерлеріне тексеріс жүргізіледі. Мұндай хатты орталық бұрын қалалық прокуратураға жолдаған, алайда олар жауапсыз қалған. Енді Бас прокуратура істі қолға алды, соңына дейін жеткіземіз», - деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, пәтерді заңсыз кепілден шығарған басшы, орталық қызметкерлері жұмыстан шығып кеткен.  

Еске салайық, Гавриленко 2019 жылы «Болашақ» қызметкерлерімен сөз байласып, кепілде тұрған екі пәтерін шығарып, оларды сатып, Ұлыбританияға қоныс аударған. Елге оралып, білім алған мамандығы бойынша жұмыс істеу талабын орындаудан қашқан.