Елордада 1,1 мың көлік айып тұрағына қойылған

Автор: Azattyq Rýhy

Сағат 20:00-ден кейін мобильді поста көлік қозғалысы 100% тексерістен өтеді

Фото: astana.gov.kz

Елорда полициясы сағат 20:00-ден кейін көлік қозғалысын жүз пайыз тексереді. Ал бүгінгі таңда қалада 1 125 көлік айып тұрағына қойылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

20 сәуірден бастап кейбір кәсіпорындардың жұмысын жалғастыруға рұқсат берілгендіктен, көшедегі көлік қозғалысы 10 пайызға артты. Қалалық жедел штаб шешімімен өз жұмысын қайта бастайтын кәсіпорындар саны көбейді. Бұл тізімді автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, вулканизация, автосалон сияқты жұмыс орындары толықтырды.

«Жұмыс жағдайында автокөлік салонында тек жүргізуші ғана болуы керек. Сондай-ақ агротехникалық салада да жұмыс істеуге рұқсат етілген. Дегенмен әр ұйым өз қызметкерлерінің жұмысқа келуі мен кері қайтуын ұйымдастыруға міндетті. Полиция көбіне жеке тұлғалардың жеңіл көлігін тоқтатады. Ұйымдардың жұмыс уақыты 18:00-де аяқталады», - деп жазылған хабарламада.

Күндіз «Сергек» бейнебақылауының талдау нәтижесі бойынша, трафиктің толық бақылауы қажет болған жағдайда мобильді пост орнатылады. Сағат 20:00-ден кейін мобильді поста көлік қозғалысы 100% тексерістен өтеді. 

«Бүгінгі таңда 1 125 көлік айыппұл тұрағына қойылды. Сағат 22:30-ға дейін тек азық-түлік сатып алумен айналысатын көліктер ғана жүреді. Ал, сағат 23.00-ден кейін дезинфекция жұмыстары үшін көлік қозғалысын 5%-ға дейін төмендету жоспарланған. Төтенше жағдай мен карантин режимін қасақана бұзған жағдайда құқық бұзушыларға заңға сәйкес нақты шаралар қабылданады», - делінген хабарламада.