Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының мүшелері Алматыға келе жатыр (ВИДЕО)
Шара 21 маусым күні өтеді
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлері Алматыға СІМ Кеңесінің отырысына қатысу үшін келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2024 жылғы 21 маусымда Алматы қаласында ҚР премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің төрағалығымен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтеді», – деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров сыртқы саясат ведомствосында өткен брифингте.
Оның айтуынша, СІМ басшылары халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылайды. Сондай-ақ олар ҰҚШҰ-ға төрағалық ету кезеңінде Қазақстанның басымдықтарын орындау жөніндегі іс-шараларды іске асыруды қарастырады.
«Отырыс қорытындысы бойынша ұйым қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған құжаттарға қол қойылады, сондай-ақ бірқатар саяси мәлімдеме қабылданады деп күтілуде», - деп атап өтті Смадияров.