Жастар Жасыбай мен Бурабайдағы «Тілек ағашына» «екінші өмір» берді
Жастар ұлттық паркте тазалық жұмыстарын өткізіп, демалушыларға өзін паркте ұстау ережелерін сақтау үшін негізгі тәртіптермен танысуға көмектесетін буклеттер таратты
Ақмола және Павлодар жастары вандализммен күресті жалғастыруда. Павлодарлық жастар Баянауыл ауданындағы Жасыбай ұлттық паркінде болып, ретке келтірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жастар қанатының Павлодар облыстық филиалының төрағасы Мерғали Жүсіп былтыр қазан айында бастау алған вандализмге қарсы Жастар қанатының республикалық акциясы әлі күнге дейін жалғасуда дейді.
«Бүгін белсенділермен Баянауылдамыз. Жасыбай тау бөктерінде вандалдар бүлдірген орындарды орнына келтірудеміз. Осындай ұлттық мұрамыздың бетіне қаншама жазу жазып кеткен. Вандализммен күреспесек, ертең ата-бабамыздың бізге аманат етіп қалдырған жәдігерімізден айырылып қалуымыз мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында ерекше атап өткендей, өз жеріне және еліне деген құрмет – «Адал азамат» тұлғасының ең маңызды қасиеттерінің бірі. Жастарды, қоғамдық ұйымдарды, сондай-ақ мәдени, табиғи мұрамызды бағалайтындардың барлығын біздің акцияға қосылуға шақырамыз», - дейді Мерғали Жүсіп.
Ал Ақмола жастары Бурабайдағы ағаш бұтақтарын целлофан, мата және басқа да материалдардан тазартты. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бастамасын «Жастар Рухы» Жастар қанатының ақмолалық жастары қолдады.
«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ресми парақшасында жарияланған жазбаны көргеннен кейін жастармен бірден ұлттық паркке жиналдық дейді «Жастар Рухы»-ның Ақмола облыстық филиалының консультанты Маржан Мускина.
«Туристер арасында тілек айтып ағашқа мата немесе целлофан байлау «дәстүрі» болатын. Бірақ бұл «дәстүр» қазіргі таңда өзекті емес. Ұлттық парктің жариялаған жазбасынан кейін бірден сонда аттандық. Бұтақтарды шүберектерден басқа да материалдардан босаттық. Ағаштарға байланған артық заттар оның өсуін тоқтатып, орасан зор зиянын тигізеді. Бұтақтардың мерзімінен бұрын қурауына алып келеді. Жастар қанаты кез келген бастамаларды қолдауға дайын. Сондықтан экологияға зиянымызды келтірмей, қоршаған ортамызды қорғауымыз керек. Экологиялық сана мен мәдениетті халық арасында қалыптастыру қазіргі таңда өте маңызды», - деді ол.
Жастар сондай-ақ ұлттық паркте тазалық жұмыстарын өткізіп, оның аумағын қоқыстардан тазартып, демалушыларға өзін паркте ұстау ережелері мен табиғаттың тазалығы мен сұлулығын сақтау үшін негізгі шарттар мен тәртіптермен танысуға көмектесетін буклеттер таратты.
Акцияны қолдаушылар мұндай экологиялық акциялар халықтың, әсіресе жастардың назарын вандализм мен экологиялық проблемаларға аударуға көп көмегін тигізеді дейді.