Қала әкімі кездесу өткізді
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков «Энтузиаст» саяжай иелерімен кездесті. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі әкімнің Instagram парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Маған түрлі саяжай шаруашылықтарының өкілдерінен көп өтініш түсуде. Олардың басым бөлігінің мәселелері біртектес. Көбінесе кооператив жұмысына шағымдануда. Оның ішінде электр энергиясы бағасының қымбаттауы, тозығы жеткен су құбырлары, су тарифінің жоғарылауы және қоқыстың уақытылы шығарылмайтыны айтылды», – дейді Хасар Хабылбеков.
Бұдан бөлек, кооперативте неліктен үш адам ғана тіркеліп тұрғаны жайлы мәселе көтерілді.
Қала әкімі саяжай кооперативінің жұмысын анықтауды тапсырды. Кооператив құрылтайшыларының жұмысының заңдылығын тексеру үшін экономикалық тергеу департаментіне және монополияға қарсы ведомствоға өтініш жолдау туралы шешім қабылданды.