«Мектепке бомба қойылды»: Қостанайда оқушы жалған ақпарат таратқан

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған дерек бойынша тергеу жүргізіліп жатыр

Фото: polisia.kz

Қостанайда 9 жасар бала мектепке бомба қойылды деген жалған ақпарат таратқан. Шындыққа сәйкес келмейтін ақпаратты таратқаны үшін оқушыға қылмыстық жауапкершілік қарастырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қостанай облысы ПД мәліметінше, шұғыл қызмет телефонына қоңырау келіп түскен. Онда тұтқада баланың дауысы облыс орталығындағы мектептердің бірінде жарылғыш құрылғы мен террористер бар екендігін хабарлаған. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 9 жасар баланы анықтаған.

«Ол көшеде жүріп, осылайша достарының көңілін көтеруді шешкен. Оқиға орнына арнайы қызметтер барып, қызметкерлер мен мектеп әкімшілігі эвакуацияланды. Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, ата-аналарға тиісті шаралар қабылдау туралы мәселе қаралады», –  деп мәлім етті басқарма бастығының міндетін атқарушы Сәбит Ибраемов.