Германия террорлық қауіп тудырған мигранттарды Ауғанстан мен Сирияға депортациялауы мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Канцлер көші-қон саясатын өзгертуді ұсынды

Фото: istockphoto.com

Германия канцлері Олаф Шольц террористік қауіп төндіретін мигранттарды Ауғанстан мен Сирияға депортациялауды мәселесін көтерді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бундестаг алдында сөйлеген сөзінде Олаф Шольц көші-қон саясатын өзгертуді ұсынды. Ол бұл мәселені бір апта бұрын Мангейм қаласындағы жағдайға қатысты көтерді. Жуырда Мангейм орталығында Ауғанстаннан келген мигрант жергілікті полицейді пышақтап, тағы бірнеше адамды жаралаған.

«Бізден пана іздеп келген адамның осындай жауыз әрекетке барғаны ашуландырады. Мұндай қылмыскерлер Сириядан немесе Ауғанстаннан келсе де депортациялануы керек», - деді Шольц.

Айта кетерлігі, Ауғанстан билігіне 2021 жылы Талибан келген соң Германия бұл елге өз азаматтарын депортациялауды тоқтатқан болатын.

«Террорлық қауіп төндіретін қылмыскерлерге бұл жерде орын жоқ. Мұндай жағдайда Германияның қауіпсіздік мүддесі қылмыскерді қорғаудан басым болады», - деп қосты канцлер.

Шольц енді Ауғанстандағы жағдайға байланысты заңға түзетуді күтеді.

«Біз бұдан былай террористік қылмыстарға жол бермейміз. Сол себепті ережелерді күшейтеміз», - деді Шольц.