Карантинге байланысты Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы 1/8 финалда тоқтатылған
Бүгін UEFA видеконференция форматында отырыс өткізіп, коронавирус пандемиясына байланысты уақытша тоқтатылған футбол маусымын жалғастырудың екі жолын қарастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алғашқы жолы ретінде Еурокубок жалғасқанға дейін Ұлттық біріншіліктерді өткізу ұсынылып отыр. Тағы бір жолы – екі турнирді бір уақытта жүргізе беру. Ал Еурокубок ойындарын тамыз айында жалғастыру жоспарда бар. Еуропаның көптеген мемлекеттерінде доп додасы «күз-көктем» жүйесі бойынша жүргізіледі. Сондықтан олардың кейбірінде әзірге іріктеу және топтық кезеңге жолдама алған командалар анықтала қойған жоқ.
Биыл Чемпиондар лигасында елордалық «Астана» сынға түссе, Еуропа лигасында Алматының «Қайрат», Шымкенттің «Ордабасы» және Қызылорданың «Қайсар» командалары ойын көрсетеді.
Айта кетелік, 2019/2020 жылғы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы 1/8 финалда тоқтатылды. Дегенмен Чемпиондар лигасында төрт қатысушы ширек финалға шығып үлгерді. Ал Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі екі турдан кейін уақытша кейінге шегерілді.