ЕуроОдақтың 27 елінен авиациялық билік өкілдерінің қатысуымен жиын өтті
Еуропалық комиссияның ұшу қауіпсіздігінің «қара тізімі» бойынша барлық шектеулер Қазақстаннан біржола алынып тасталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, 15 мамырда Еуропалық Одақтың 27 елінен авиациялық билік өкілдерінің қатысуымен Еуропалық комиссияның Ұшу қауіпсіздігі комитетінің отырысы өткен. Онда көлік вице-министрі Талғат Ластаев бастаған Қазақстанның авиациялық билік делегациясы елдегі ұшу қауіпсіздігі жөніндегі істердің қазіргі жай-күйі туралы баяндады.
ЕО-ға мүше 27 мемлекет қабылдаған комитет отырысының шешіміне сәйкес, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі елеулі прогресті ескере отырып, Қазақстан мен қазақстандық тасымалдаушылардан Еуропалық Одақ елдеріне ұшуға қойылған барлық шектеулер алынып тасталды.
2024 жылғы 30 мамырдағы хатында ЕК-нің ұтқырлық және көлік жөніндегі бас директоратының авиация департаментінің директоры Филип Корнелис «Еуропалық Комиссия Қазақстан қызметінің күшейтілген мониторингін» тоқтату туралы шешім қабылдады.
Айта кетсек, 2022 жылы отандық әуе компанияларының Еуропалық комиссияның қара тізіміне ену қаупі жоғары болды. Жалпы, ЕО сарапшылары ұшуды пайдалану саласындағы сертификаттау, бақылау және қадағалау жүйесінің тиімді жұмыс істеуі, ұшу жарамдылығын қолдау, авиация қызмметкерлерін оқыту және лицензиялау бойынша елеулі жақсы өзгерістерді атап өтті.