Нан өнімдері қымбаттай ма – АШМ жауабы

Автор: Azattyq Rýhy

14 млн га жерге егін егілді  

Фото: Azattyq Rýhy

Нан өнімдері биыл қымбаттай ма? Бұл сұраққа Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Егіннің жалпы көлемі – 23 млн 800 мың гектар. Соның ішінде бидай, майлы дақылдардың бәрін есептегенде 21 млн гектардан астам егін егеміз. Бүгінгі таңда соның 63 пайызы, 14 млн гектар жерге егілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылық министрінен бастап, орынбасарлары – бәрі қадағалап жүрміз. Уақытында үлгереміз деп ойлаймын. Күніне 1 млн гектар жерге астық ексек, уақытында үлгереміз. Ешқандай кедергі жоқ. Биыл Ауыл шаруашылық министрлігіне Үкімет қолдау көрсетті. Шаруа қожалықтарына 180 млрд жылына берілсе, биыл 300 млрд теңге қосып берді. Қаражат, жанар-жағармай уақытында берілді», - деді Бердалин.

«Ақмола облысының шаруалары жоспарланған меженің 20 пайызын ғана ектік. Неліктен?» деген журналист сауалына вице-министр былай жауап берді:  

«Жасыратыны жоқ, шағын шаруа құрылымдарының техникасы жоқ. Олар үлкен шаруа қожалықтарының егін еккенін күтеді, содан кейін 3-4 күннің ішінде олар көмектесіп, егіп тастайды. Астық, нан өнімдерінің жетіспеушілігі, қымбаттауы деген мәселе болмайды. Былтырғыдан қалған астық қорымыз да бар, жеткілікті», - деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.