Үсік, жел, қар, бұршақ: 28 мамырға арналған ауа райы болжамы

Автор: Azattyq Rýhy

Еліміздің басым бөлігінде күн құбылмалы, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды

Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК мамырдың 28-і күнгі күн райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еліміздің батыс өңірлері ауқымды аңтициклон ықпалында болғандықтан, мұнда күн ашық болады. Ал, қалған аумақтарында циклон және онымен байланысты атмосфералық ағындар әсерінен, күн әлі де құбылмалы, жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.

Түнде еліміздің солтүстік-шығысында, шығысында қатты жаңбыр жауып, солтүстік, орталықта жауын-шашын, еліміздің шығысында жауын-шашын аралас қар, жаңбыр жауады. Республика бойынша екпінді жел соғып, солтүстікте, шығыста бұршақ жауады. Дауыл тұрып, солтүстік-батыста, шығыста түнде тұман түседі.

Түнде Ақмола облысының батысында, солтүстігінде, шығысында, Ұлытау, Қарағанды, Ақтөбе облыстарының солтүстігінде, Солтүстік-Қазақстан, Қостанай облыстарының батысында, оңтүстігінде, Алматы облысының таулы аудандарында 1-3 градус үсік жүреді.

Қостанай, Атырау, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Жетісу, Түркістан облыстарының шөлді аудандарында төтенше өрт қаупі сақталады.