Бұл туралы Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотының судья-үйлестірушісі Сәбит Төреханов айтты
Шымкентте жұмыс орнында медбикені зорлады деген дәрігер ақталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Бұл туралы Шымкенттегі Әл-Фараби аудандық сотының судья-үйлестірушісі Сәбит Төреханов айтты.
«Сот үкімімен сотталушы «зорлау» және «нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері» баптары бойынша кінәсіз деп танылды. Күдікті кінәсінің дәлелденбеуіне байланысты осы баптар бойынша ақталып шықты», - деді Сәбит Төреханов.
Бұған дейін «НеМолчи» қоғамдық қорының ерікті-заңгері Данияр Жиенбаев Шымкент облыстық клиникалық ауруханасында медбикенің зорланғаны туралы айтқан еді. Оның сөзінше, оқиға 16 сәуірде болған. Айыпталған азамат та сол аурухананың нефролог дәрігері болатын.
Сондай-ақ, Жиенбаев күдіктінің отбасылы азамат екенін және екі бала тәрбиелеп отырғандығын да айтқан. Және айыпталушының жәбірленушімен татуласуға тырысып жатқандығы хабарланған.