Бүгінгі таңда Қарғыба су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайын
Су ресурстары және ирригация министрлігі Абай облысында жаңадан 5 су қоймасын салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы облыс тұрғындарымен кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов мәлімдеді. Жаңа су қоймалары өңір қажеттілігі үшін 156 млн текше метрден астам су жинай алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Атап айтқанда, Үржар ауданында Келдімұрат (30 млн.м3) және Көктерек өзендерінде (31,4 млн.м3) су қоймалары бой көтереді. Ал, Көкпекті ауданындағы Кіші Бөкен өзенінде (30 млн.м3) және Ақсуат ауданында Қарғыба (20 млн.м3) мен Базар (45 млн.м3) өзендерінде жаңа су қоймалары салынады. Құрылыс жұмыстары 2024-2030 жылдары іске асырылуы тиіс.
Бүгінгі таңда Қарғыба су қоймасының техникалық-экономикалық негіздемесі дайын. Қалған 4 жоба бойынша Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті инвестициялық ұсыныс әзірлеп жатыр.
«Жаңа су қоймаларының құрылысы халықтың өмір сапасын жақсартып, өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосады және жергілікті шаруаларды тұрақты сумен қамтамасыз етуге тиімді ықпал етеді. Осыған дейін министрлік Қазақстан Республикасының су саласын дамытудың 2028 жылға дейінгі Кешенді жоспарын әзірледі. Аталған жұмыстар осы құжат шеңберінде жүргізіледі», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.