«Ол әлі тірі сияқты»: Газа секторында табылған мәйіт ата-анасына жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Ата-анасы болған жағдайға қатысты пікір білдірді

Фото: Bild

Өткен жылдың 7 қазанында ХАМАС-тың қолынан қаза тапқан 23 жастағы Шани Луктың ата-анасы қызының денесін алды. Марқұмның денесін Газа секторында Израиль қорғаныс күштерінің сарбаздары тапты. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

«Оның денесі әлі тірі сияқты», - деді Шани Луктың әкесі Ниссим Лук New York Post газетіне.

Шанидің анасы Рикарда Лук енді күйеуі екеуі қызын жер қойнына тапсыра алатынын айтты. Туыстарының айтуынша, Шанидің денесі ХАМАС-тың өте суық туннельдерінің бірінде жатқан болуы әбден мүмкін.

«Сондықтан денесі тұтас әрі әдемі күйінде сақталған. Терісі өңін өзгертпеген, тіпті денесіндегі татуировкасын көруге болады», - деді Ниссим Лук.

Израиль армиясы Шани Луктың қаза болғанын өткен жылдың қазан айында хабарлаған. Көп ұзамай әскерилер оның бас сүйегінің сынығын тапты. ДНҚ сараптамасы нәтижесінде Шани Лукке тиесілі екені анықталды.

Шани Луктың кесілген денесін Газа секторына алып бара жатқан сәті желі арқылы таралған.

«Бір сарбаз қызымның суретін көргеннен кейін Газаға соғысуға баратынын айтты. Тағы бір сарбаз қызым туралы үнемі ойлайтынын айтты», - деді Рикарда Лук.

Айта кетейік, осыған дейін Израиль әскері ХАМАС ұйымы кепілге алған үш адамның мәйітін тапқаны хабарланған болатын.