70 жастағы қарияны өлтірген ер адам 45 жылға сотталды
Оқиға 2023 жылдың 15 қазанында болған
Таяу Шығыстағы соғыс туралы хабарды естіген марокколық азамат жолында кездескен адамды пышақтап өлтірген. Осы қылмысы үшін Ұлыбритания соты оны 45 жылға бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Bild басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Сот шабуыл жасаған адамның ісін лаңкестік әрекет ретінде квалификациялады.
Қанды оқиға 2023 жылдың 15 қазанында, яғни ХАМАС ұйымы Израильге шабуыл жасағаннан кейін шамамен бір аптадан соң болды. Марокколық ер адам Хартлпулдағы баспана іздеушілер үйінде ұйықтап жатқан көршісіне пышақпен шабуыл жасады. Жәбірленуші бұл шабуылдан аман қалды.
Осыдан кейін Марокко азаматы қолындағы қаруымен көшеге жүгіріп шығып, қаннен қаперсіз итімен серуендеп жүрген 70 жастағы қарияға алты рет пышақ сұғып алған.
Қылмыскер кісі өлтіруден бөлек, тергеу кезінде екі әйел полицейге шабуыл жасағаны үшін де кінәлі деп танылды.