Бірінші кезекте эвакуацияланатын тұрғындар санатына жүкті әйелдер, балалар мен қарттар жатады
Атырау облысындағы Талдыкөл тұрғындары жаппай эвакуацияланып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Атырау облысының ТЖ жөніндегі жедел штабына сілтеме жасап.
Махамбет аудандық ТЖ жөніндегі жедел штабының хабарлауынша, Талдыкөл ауылы тұрғындарын эвакуациялауға 25 орындық 4 автобус, 12 орындық 2 газель автокөлігі, 30 қызметкер, жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау бағытында 3 полиция автокөлігі жұмылдырылды.
Бірінші кезекте эвакуацияланатын тұрғындар санатына жүкті әйелдер, балалар мен қарттар жатады. Ауыр науқастар Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасы әзірлеген алгоритм бойынша эвакуациялануда.
Тұрғындар үшін Атырау қаласында - APEC жоғары колледжінде және «Dana» қонақ үйінде эвакуациялық пункттер дайындалды.
Махамбет ауданы, Бейбарыс ауылдық округі, Талдыкөл ауылында жалпы 221 тұрғын үй, 1215 халық бар.