Өртенген үйден бірнеше адамды құтқарған полицейлер марапатталды
Оқиға 2023 жылдың 2 қазанында түнгі сағат 4:00 шамасында болған
Талдықорған қаласы полиция басқармасы патрульдік полициясының қызмет инспекторлары Данияр Базарбаев пен Диас Омаров батыл әрекеттері үшін ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Оқиға 2023 жылдың 2 қазанында түнгі сағат 4:00 шамасында Талдықорған қаласында болды. Дүкен өртеніп жатты. Әріптесім екеуміз патрульдеу барысында байқап, оқиға орнына келсек, ешкім жоқ екен. Алдымен эвакуация жасауға кірістік», – деді Данияр Базарбаев.
Бірінші қабаттағы жалынды көрген тәртіп сақшылары ғимараттың екінші қабатына шыққан.
«Ұйқыда жатқан азаматтарды оятып, үй ішінен бір үлкен кісі мен жас қызды алып шықтық. Тінту барысында үйде екі газ баллон бар екенін байқадық. Оны да тез арада алып шықтық», – деді Диас Омаров.
Қайғылы жағдайдың алдын алған полицейлер өрт сөндірушілерді шақырған.
«Қорқыныш болды. Қорқыныш болғанымен, адамдарды құтқару бірінші мақсатымыз еді. Ішкі істер органдарында тоғыз жылдан бері қызмет атқарып келемін», – деді Данияр Базарбаев.
Оның әріптесі Диас полицияда – сегіз жыл.
«Полицей болу – бала күнгі арманым. Өзімнің әкем де осы салада қызмет атқарып, зейнетке шыққан. Кішкентай кезімнен әкеме қарап қызығатынмын. Сол арманыммен осы жұмысқа келдім», – деді Диас Омаров.