Қазақстан мен Мысыр арасындағы әуе рейсі үш есе артады

Автор: Azattyq Rýhy

Екі ел арасында келісім жасалды

Фото: istockphoto.com

Астана қаласында Қазақстан Республикасы мен Мысыр Араб Республикасының авиациялық билігі арасында екіжақты келіссөздер жүргізілді. Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Мысыр тарапын Мысыр авиация министрлігі Авиациялық әкімшілігінің әуе көлігі жөніндегі Мемлекеттік хатшысының орынбасары Хешам Абдель Басет басқарды. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы рұқсат етілген рейстердің жалпы санын аптасына 14-тен 48-ге дейін, сондай-ақ әрбір тарап үшін рұқсат етілген тармақтарды 2-ден 3-ке дейін ұлғайтуға уағдаласты.

Сондай-ақ, тағайындалған тасымалдаушылардың саны артты. Мәселен, қазақстандық тарап қолданыстағы «Air Astana» және «SCAT» тасымалдаушыларына «Fly Aystan» әуе компаниясын елдер арасындағы тұрақты рейстерді орындауға тағайындады. Мысыр тарапы өз кезегінде қолданыстағы «EgyptAir», «EgyprAirCargo» және «Air Cairo» тасымалдаушыларына «RedSea» және «Nile Air» тағайындады.

Сонымен бірге, қол жеткізілген келісімдер бойынша екі елдің әуе компаниялары өзара коммерциялық келісімдер жасай алады.

Қол жеткізілген уағдаластықтар негізінде екітараптың тағайындалған әуе компаниялары рейстерсанын ұлғайтуды және елдер арасындағы ұшу географиясын кеңейтуді жоспарлап отыр.