Маңғыстауда су төгетін каналда шаяндар жаппай қырылған

Автор: Аманалина Тоғжан

Оқиға орнында мамандар жұмыс істеп жатыр 

Видео: Lada.kz

Ақтау тұрғыны 1-ЖЭО-дан «Солдат» жағажайына дейінгі су төгетін каналдан өлі шаяндарды тапты. Видеоның авторы кадрлар 2 мамырда түсірілген деп мәлімдейді, бірақ бүгін, 3 мамыр күні де каналда өлі шаяндар жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Куәгер өлі шаяндар каналға лақтырылған деп болжап отыр.

Экология департаменті және Маңғыстау облысының балық инспекциясы басқармасы оқиғаға қатысты жауап берді.

«Приморскийдің дәл ортасында орналасқан канал. Шаян тау боп үйіліп жатыр. Олар өлі ме тірі ме, білмеймін», - дейді видео авторы.

Маңғыстау облысының балық инспекциясы басқармасының мамандары шаяндардың жаппай қырылғаны туралы хабарлама түскен жерге шықты.

«Қазіргі уақытта біздің қызметкерлер оқиға орнында жұмыс істеп жатыр. Қорытындылар мен нәтижелерді кейінірек хабарлаймыз. Бұл су төгетін канал. 1-ЖЭО-дағы теңіз сорғысы бөгет ауданындағы турбиналарды салқындату үшін су алады, содан кейін ластанбай тұрып бұл су осы канал арқылы Каспийге қайта ағызылуы тиіс», - деп түсіндірді Маңғыстау облысының балық инспекциясы басқармасының мамандары.

Оқиға орнына Маңғыстау облысының Экология департаментінің мамандары да барды. Олар судың сынамаларын алып, оны тексереді.