«AMANAT»-та Денсаулық сақтау саласындағы партияның сайлауалды уәделерінің іске асырылуы талқыланды

Azattyq Rýhy

Денсаулық сақтау саласының даму деңгейі - мемлекет пен қоғамның әл-ауқатының көрсеткіші

«AMANAT»-та Денсаулық сақтау саласындағы партияның сайлауалды уәделерінің іске асырылуы талқыланды
Фото: «AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» жанындағы білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысы барысында партияның медицина саласындағы сайлауалды бағдарламасының іске асырылуы талқыланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау аясында әзірленген Денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заңға қол қойғаны белгілі. Заңмен медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру енгізілді, сондай-ақ дәрігерлерге мектепке дейінгі ұйымдарда кезекте тұрған балаларына басымдық беріледі. Бұдан басқа, ауылдық жерге кемінде 5 жыл мерзімге жұмысқа келген аса тапшы мамандықтардың ішіндегі медицина қызметкерлеріне біржолғы ақшалай төлем ұсынылады.

«Денсаулық сақтау жүйесіне қатысты мәселелер бәрімізді алаңдатады. Азаматтардың саулығы – ұлттың саулығы.  Сондықтан партия сайлауалды бағдарламасында медицина саласына айрықша басымдық бергенін білесіздер. Жақында заң жобасы қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойды. Заңда медицина қызметкерлерін қолдау, жас мамандарға жәрдемақыны көбейту мәселесі шешімін тапты. Әсіресе, ауыл медицинасын дамыту, ауыл тұрғындарын скринингттеу жұмысын кеңейту шаралары қарастырылған. Партия денсаулық саласындағы барлық мәселелердің жүйелі шешілуін үнемі бақылауда ұстайтын болады», - деп атап өтті «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.

Мәселен, Заң мәтінінде көтерме жәрдемақы мөлшері 100 ЕТЖ мөлшерінде көрсетілді. Алайда ең төменгі жалақы мөлшері жыл сайын өсетіндіктен, көтерме жәрдемақы мөлшері де өсіп отырады деген сөз. Биыл оның көлемі 8,5 млн теңгені құрап отыр. Сондай-ақ заң медицина қызметкерінің Қазақстан Республикасы алдындағы ерен еңбегі мен ерекше жетістігі үшін 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем ұсына отырып, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» жаңа құрметті атағын тағайындауды көздейді. Сонымен бірге «Мамандық бойынша үздік» республикалық конкурсы өткізіледі. Оның жеңімпаздарына 500 АЕК мөлшерінде біржолғы ынталандыру сыйақысы табысталады.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медицина саласында сайлауалды бағдарламаның өзге де тармақтары қалай жүзеге асырылып жатқандығы туралы айтты. Оның сөзінше, 2023 жылы дамуында ауытқулары бар және олардың пайда болу қаупі бар сәбилерге арналған 9 ерте араласу орталығы ашылды. Сондай-ақ отандық өндірістегі дәрі-дәрмектердің үлесін арттыру үшін фармацевтика өнеркәсібінде 8 жоба сәтті іске қосылды.

«Медициналық мекемелерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету деңгейін жақсарту үшін өткен жылы жалпы сомасы 63,9 млрд теңгеге 525 медициналық техника сатып алынды. 2023 жылы арнайы мамандандырылған медицина қызметкерлерін даярлауға арналған гранттар саны 1700-ден 2500-ге дейін ұлғайтылды. Биыл сұранысқа ие мамандықтарға 2500 грант бөлу жоспарланған. Бұдан басқа, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру жоспары кезең-кезеңімен іске асырылуда, өткен жылы көрсеткіш ЖІӨ-нің 4%-ын құрады», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ Ақмарал Әлназарова аурулардың алдын алу, жаңа туған нәрестелердегі патологияларды ерте анықтау және емдеу шараларын күшейту бойынша министрліктің атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. «Бір күндік клиника» жобасы инновациялық әдістерді қолдана отырып, жүкті әйелдердің пренаталды диагностикадан өтуіне және туа біткен ақаулары бар баланың туу қаупін уақтылы анықтауды қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар, отырысқа қатысушылар денсаулық сақтау саласындағы өзге де мәселелерді талқылады. Нақтырақ айтқанда, медициналық мекемелерді қаржымен қамтамасыз ету, ауруханалар мен емханалар үшін коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша жеңілдіктерді енгізу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және медицина қызметкерлеріне баспана беру шаралары сөз болды.

«Денсаулық сақтау саласының даму деңгейі - мемлекет пен қоғамның әл-ауқатының көрсеткіші. Азаматтардың жоғары стандартты, сапалы медициналық ем қабылдауына жағдай жасап, дәрі-дәрмектердің қолжетімді болуы шарт», – деді Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.

Айта кетейік, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін ішкі нарықта отандық өндірістегі дәрі-дәрмектердің үлесін 45%-ға дейін ұлғайту; 8 заманауи перинаталдық орталық салу; аудандық ауруханалардың санитариялық автокөлікпен қамтамасыз етілуін 70%-ға дейін ұлғайту, 8 инсульт орталығын және 10 коронарлық көмек беру орталығын ашу және басқа да шаралар жоспарлануда.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.