Бас прокурор азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау жөніндегі алқа отырысын өткізді
Бүгін Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен өткен алқа отырысында қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау мәселелері талқыланды, оған тергеу және анықтау органдарының орталық аппараттары мен өңірлік бөлімшелерінің басшылары қатысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қылмыстық процесте адам құқықтарының бұзылуының жолын кесу бойынша прокурорлармен қабылданып жатқан шаралардың белгілі бір нәтиже беретіні атап өтілді.
Соттарда заңсыз жауапқа тартылған азаматтар санының 41% - ға төмендеуі байқалады. Соңғы 3 жылда Бас прокурордың наразылықтары бойынша Жоғарғы Сот 67 азаматты ақтады.
2023 жылы тергеу органдары қандай да бір қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін айыпталған 280 күдікті адамға қатысты қылмыстық істер тоқтатылды. Олардың жартысына жуығын (122 адам) прокурорлар заңсыз қылмыстық қудалаудан босатты. Сонымен қатар, өткен жылы прокурорлар қызметтік үй-жайларда заңсыз ұсталған 449 азаматты босатты.
«Менің тапсырмам бойынша Бас прокуратура әрбір ақтау үкімінің себептерін жан-жақты сараптап, қатаң кадрлық шешімдер қабылдауда. Осы тәжірибені барлық тергеу органдарына қабылдауды ұсынамын, олардың басшылары жұмысты ұйымдастыру кезінде «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасында баяндалған Президенттің талаптарын қатаң сақтауы тиіс»,- деп атап өтті Берік Асылов.
Алқа қорытындысы бойынша Бас прокурор қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу мақсатында қосымша практикалық шаралар кешенін қабылдауды тапсырды және азаматтарды жеткізу және олардың құқық қорғау органдарының үй-жайларында болуы кезінде бейнебақылауды енгізуді жалғастыруды, күдіктілерге электрондық білезіктерді қолдануды кеңірек пайдалануды ұсынды.