«Екі қонақ үйге бомба қойылды»: Талдықорған полициясына белгісіз біреу жалған хабар берген

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған мекенжайлардан күдік тудыратын заттар табылған жоқ

Фото: istockphoto.com

Талдықорғанда жексенбі күні кешке полицияға белгісіз біреу қаладағы «Колизей» және «Парк Хаус» қонақ үйлерінде бомба қойылғаны туралы хабарлаған. Аталған мекенжайларға жедел түрде патрульдік көліктер мен жедел жәрдем жөнелтілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде жарияланды.

Жетісу облыстық полиция департаменті болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«Сағат 18: 35 шамасында Талдықорған полициясының жедел басқару орталығына қаладағы екі қонақ үйге жарылғыш құрылғылар қойылғаны туралы анонимді қоңыраулар түскенін хабарлаймыз. Құқық қорғау органдары іздеу жұмыстарын жүргізді. Күдік тудыратын заттар табылған жоқ. Аймақ полициясы көрінеу жалған хабарлар үшін заңда көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы ескертеді», - делінген ПД хабарламасында.