Бүгін елімізде ауа райы қандай болады

Автор: Azattyq Rýhy

Республиканың басым бөлігінде тұрақсыз ауа райы сақталады

Фото: istockphoto.com

«Қазгидромет» РМК синоптиктері 29 сәуір, дүйсенбіге арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Еліміздің басым бөлігінде тұрақсыз ауа-райы сақталады. Найзағай мен жаңбыр, оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауады.

Тек еліміздің оңтүстік-батысына, солтүстік-батысында, орталығына антициклон жотасы әсерінен жауын-шашынсыз ауа-райы күтіледі.

Республика бойынша желдің күшеюі, батысы мен солтүстігінде бұршақ, оңтүстік-батысы мен оңтүстігінде дауыл, шаңды дауыл, оңтүстік-шығысында тұман күтіледі.

Түнде Жамбыл облысының шығысында, таулы аудандарында 2 градус үсік күтіледі.

Маңғыстау облысының басым бөлігінде, Қызылорда облысының орталығында, оңтүстігінде, Түркістан облысының солтүстігінде, Атырау облысының оңтүстігінде, Жетісу облысының солтүстігінде, Абай, Қарағанды облыстарының оңтүстігінде жоғары өрт қауіпі сақталады.