Сондай-ақ өңірде су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу жөніндегі консультациялық орталық жұмыс істеп тұр
23 сәуірдегі жағдай бойынша Құлсары қаласының тұрғындарынан 3676 өтініш келіп түсті, оның ішінде 3334-і 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ОКҚ-ға сілтеме жасап.
Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия өз жұмысын жалғастыруда.
«Жалпы Құлсары қаласы мен Жылыой ауданында қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. 1,4 млн текше метрден астам еріген қар суы сорылды, түрлі шағын аудандардағы 42 үйде дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді. Алтыншы учаскенің 106 тұрғын үйі, Достық шағын ауданы және 27 кәсіпкерлік нысаны электр қуатына қосылған. Атырау шағын ауданындағы 125 үйде, алтыншы учаскенің 12 үйінде және Достық шағын ауданындағы 58 үйде, сондай-ақ 5 кәсіпкерлік нысанда газбен жабдықтау қалпына келтірілді», - деді Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиев ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Нысандары су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге келтірілген залалды өтеу жөніндегі консультациялық орталық жұмыс істеп тұр. Бүгінгі таңда 82 кәсіпкер кеңес алды.
Жалпы Атырау облысы бойынша су тасқынына қарсы профилактикалық іс-шаралар жалғасуда, олар 92%-ға аяқталды.