БҚО-дағы су тасқыны: жағдайды ретке келтіру үшін қосымша күштер жіберілді

Автор: Azattyq Rýhy

Жергілікті тұрғындар алдын ала эвакуацияланған

Фото: ҚР ТЖМ

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі БҚО-ға су тасқынына байланысты Ақтөбе облысынан және әскери бөлімнен ТЖМ, сондай-ақ ІІМ қосымша күштер мен құралдар жіберілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жайық өзені су деңгейінің көтерілуіне байланысты өзен жағалауын және Орал қаласының шеткі бөліктерінде орналасқан елді мекендерді су басты. Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстары, Астана қаласы ТЖД құтқарушылары және ТЖМ 28237 әскери бөлімінің әскери қызметшілері оқиға орнындағы саяжай үйлерінде тұрғындардың бар-жоғын тексеріп, өзен жағасын бекіту, қапшықтар және инертті материалдар төсеу, су сору жұмыстарын жүргізуде. Адамдар алдын ала эвакуацияланған болатын. 

Әуе кемесімен жергілікті жерде  әуеден барлау жүргізіліп, сондай-ақ пилотсыз ұшу аппараты көтерілді. Жергілікті полиция қызметкерлері оқиға орнында жұмыс атқаруда.

«Ақтөбе облысынан және 52859 әскери бөлімінен ТЖМ, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің қосымша күштер мен құралдар Батыс Қазақстан облысына жіберілді. Жайық өзенінің су деңгейіне мониторинг жалғасуда, азаматтарды құлақтандыру және телерадио арқылы хабарландыру әр 4 сағат сайын жүргізіледі», - деді ҚР ТЖМ өкілі Асқар Шәріп Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.