Қырғызстан Ресейдің Орынбор облысына 350 тонна гуманитарлық көмек жіберді

Автор: Azattyq Rýhy

Қырғызстаннан Ресейге 20 жүк көлігінен тұратын «жәрдем керуені» жолға шықты

Фото: 24kg

Қырғызстан су тасқынынан зардап шеккен Ресейдің Орынбор облысын гуманитарлық көмек жіберді. Бұл туралы Қырғызстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап.

«Қырғызстан Ресей Федерациясының су тасқынынан зардап шеккен Орынбор облысына гуманитарлық көмек жіберді. Президент Садыр Жапаровтың тапсырмасы бойынша 350 тонна көмек бөлінді», - делінген хабарламада.

20 сәуірде Қырғызстаннан Ресейге 20 жүк көлігінен тұратын «жәрдем керуені» жолға шықты.

Олар «төтенше жағдай тіркелген аймақ тұрғындарына аса қажет» азық-түлік пакеттерін, тұрмыстық заттар мен киімдерді жеткізеді. Сондай-ақ гуманитарлық көмек тізіміне ұн, қант, күріш, қарақұмық, шай, өсімдік майы, ет консервілері, шырындар, тәттілер, дайын кеспе, құрғақ сүт және құрғақ кеспе кіреді.

Сонымен қатар, Орынбор облысына су соратын мотопомпалар, төсек-орын, матрац, көрпе, жастық, күрек, шатырлар жеткізіледі.