Ұлттық волонтерлік желі тегін заң қызметтерін көрсету акциясын бастады
Ұлттық волонтерлік желі волонтерлік күштерді жалпы үйлестіру бойынша жұмысты жалғастыруда, волонтерлердің өңірлік фронт-офистерінің, сондай-ақ жергілікті жерлердегі серіктестік ұйымдардың мүмкіндіктері бойынша ақпарат жиналып жатыр. Бұл туралы «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ өкілі Гүлжамила Камарова ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«708 706 42 42 нөмірі бойынша бірыңғай call-орталық жұмыс істейді, ол бойынша барлық азаматтардан, оның ішінде су тасқынынан зардап шеккендерден хабарламалар қабылдаймыз, өйткені қазір тегін заң қызметтерін көрсету бойынша акцияны бастадық. Кеңес алам деушілер осы нөмірге хабарласа алады», - деді Гүлжамила Камарова.
Жалпы республика бойынша қазіргі уақытта жергілікті азаматтар арасынан 43 мыңнан астам ерікті мен волонтер жұмылдырылды. Республиканың 16 өңіріндегі гуманитарлық көмекті жинау және сұрыптау жөніндегі штабтарда су тасқыны басталғаннан бастап осы күнге дейін 6 600 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды, оның 4 мың тоннасы зардап шеккен өңірлерге жіберілді.
Волонтёрлер жергілікті атқарушы органдармен, ТЖД-мен тығыз ынтымақтастықта көмек көрсетіп жатыр. Оның ішінде қаптарды инертті материалдармен толтыру, ТЖД-ға су басқан үйлерден су соруға көмектесу, эвакуацияланған халыққа, құтқару қызметінің қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге ыстық тамақ, эвакуациялық пункттерде балалардың бос уақытын ұйымдастыру сияқты жұмыстарды атқарады.