Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов жұрттың сынына жауап берді
Shownews.kz ақпарттық порталына сұхбат берген Нұрғали Нүсіпжанов қазіргі әйелі Жадыра Сейдешпен таныстығы осыдан 5 жыл бұрын басталғанын айтқан.
«Бұл талқыланатын үлкен бір тақырып емес. Адамдардың ой арманы, адамдық қасиеттері жақындасады. Кез-келген адаммен тіл табысып кете алмайсың. Жадыраны түсірілімде жолықтырдым. Біз сұхбаттарда да кездесіп жүретінбіз. Оның істеген еңбектерін бағаладым. Келіншегімнің адалдығы, сауаттылығы мен еңбекқорлығы мені тәнті етті. Бұл неке екі жақтың келісімімен, ризалығымен болды», – деді өнер иесі.
Сұхбат барысында Нұрғали Нүсіпжанов бұл некені қыздары жақсы қабылдағанын айтқан.
«Мен халықтың байлығына қол сұққаным жоқ. Біреудің иелігін тартып алған жоқпын. Өз ықыласымызбен, өз келісімімізбен қосылдық. Мен жас бала емеспін. Менің де асты-үстіме қарайтын көмекші, сенімді адам керек. Қазіргі заманда өмір сүру оңай емес. Пейілі дұрыс, көзі көре алатын, құлағы ести алатын жандар баталарын беріп жатыр. Ал енді бірі қисық сөздерін жіберіп, адамдардың құлағын былғап жатқандар да бар. Оларға айтар сөзім жоқ. Біреумен айқайласу ойымда да жоқ. Менің өмірлік ұстанымым –ешкімнің ала жібін аттамау», – дейді Нүсіпжанов.