Су тасқыны: 11 мыңнан астам адам үйіне оралды
Эвакуациялау жұмыстары жалғасуда
Су тасқыны басталғалы бері 104 233 адам, оның ішінде 37 983 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. 11 571 адам үйлеріне оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Уақытша орналасу пунктеріне 7 146 адам, оның ішінде 3 163 бала орналасты. 9,2 млн текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,8 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді.
Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарына 30 591 адам, 3 531 техника, оның ішінде, 679 су сору құралы, 208 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылды.
«14 сәуірдегі 00.00 сағатта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 4 117 жеке тұрғын үй, 1 264 аула аумағы және 2 037 саяжай үйлері су астында қалуда. 3 299 тұрғын үй мен 2 241 аула аумағынан су бұрылды. Есіл өзенінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының елді мекендерінде халықты эвакуациялау жүргізілді. Эвакуациялау жұмыстары жалғасуда», - деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Республикалық ақпараттық штабта өткен брифингте.