Шымкент қаласы зардап шеккен өңірлерге арнап 20 тонна гуманитарлық көмек жинады

Автор: Azattyq Rýhy

«Жастар рухы» белсенділері болып аталған көмекті жедел түрде жеткізді

Елімізде болған табиғи апаттан Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Абай облыстары және солтүстік өңірлерде су тасқыны әсерінен халықтың жағдайы едәуір қиындап қалған болатын. Осыған байланысты «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының бастамасымен қалалық маслихат депутаттары және фракция мүшелері бірлесе отырып 20 тонна гуманитарлық көмек жинады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Волонтер Бекзат Төлебайдың айтуынша, «Жастар рухы» ЖҚ белсенділері болып аталған көмекті жедел түрде жеткізді.

«Көмекті жеткізуге өзім де атсалыстым және су алған өңірлерді өз көзіммен көріп қайттым. Бір атап өтерлігі, Батыс Қазақстан өңіріне келген ең алғашқы гуманитарлық көмек Шымкент қаласынан жетіп отыр.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы да арнайы батыс өңірге келіп, халықпен кездесті. Кездесу барысында Президентіміз зардап шеккен тұрғындарға барлық көмектер көрсетілетінін жеткізді. Сол сияқты тағы да қайталануы мүмкін апаттың алдын алу үшін тиісті тапсырмалар берді.

Барлық су басқан өңірлердегі әріптестерімізге, рухтастарға сабырлық пен күш-қайрат тілеймін! Сіздердің еңбектеріңіз пен бірлесе жұмыс атқаруларыңыздың арқасында барлық қиыншылықты жеңіп шығатындарыңызға сенімдіміз. Шымкенттік Рухтастар әрдайым қол ұшын созуға дайын!», - деді волонтер Бекзат Төлебай.