Құлсары қаласынан Маңғыстау облысына 5 мыңға жуық жергілікті тұрғын эвакуацияланды
Атырау облысындағы Құлсары қаласына 30 полицей мен Ұлттық ұланның 80 сарбазы аттанды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атырау облыстық жедел штабтың мәліметінше, Құлсары қаласына полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев бастаған 50 тәртіп сақшысы келген.
Олар Жылыой аудандық полиция бөлімінің жеке құрамымен бірге тасқын судан зардап шеккендерді эвакуациялау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге кірісті.
Сондай-ақ, Ұлттық ұланның 75 сарбазы да Құлсары қаласындағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мен құқық бұзудың алдын алу шараларына көмектесіп жүр.
«Құлсары қаласындағы тасқын судан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында 6 сәуір күні қосымша полицейлер мен сарбаздар келеді. Оның ішінде полиция департаментінің 30 қызметкері мен Ұлттық ұланның 80 сарбазы бар» деп хабарлады облыстық жедел штабтан.
Соңғы деректер бойынша, Құлсары қаласынан Маңғыстау облысына 5 мыңға жуық жергілікті тұрғын эвакуацияланды. Оның 214-і балалар. Олардың барлығы алты уақытша эвакуациялық пункте орналасқан.
Маңғыстауда азаматтарды қабылдау үшін барлығы 83 мың адамға есептелген екі жүзден астам эвакуациялық пункт құрылды.