Қазіргі таңда республикалық жолдарда 599 техника мен 1503 адам жұмыс істеп жатыр
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы қай өңірлерде жолдарды тасқын су басқанын және қандай жолдардың бөлігінде қозғалыс шектелгенін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2024 жылғы 1 сәуір сағат 18:00-дегі жағдай бойынша халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында күннің жылынып, қардың тез еруі салдарынан 5 облыста (Абай, БҚО, Қарағанды, Қостанай және Ұлытау облыстар) 5 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 980 метр болатын су тасқыны орын алды», - делінген компания хабарламасында.
Сондай-ақ онда 5 облыстағы республикалық маңызы бар 6 автомобиль жолында (ұзындығы 410 км) қозғалысқа шектеу қойылғаны айтылған.
Қазіргі таңда республикалық жолдарда 599 техника мен 1503 адам жұмыс істеп жатыр. «ҚазАвтоЖол» мамандары су алған жолдарда қозғалысты қалыпқа келтіру үшін тәулік бойы жұмыс атқаруда.