Интернеттегі заңсыз контентті автоматты түрде анықтау және бұғаттау бағдарламаларын жетілдірудің маңыздылығы айтылды
Көлеңкелі экономикамен күрес жөніндегі кешенді жоспарды жүзеге асыру барысын ҚМА, Көлік министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігі өкілдері талқылады. Бұл туралы Azattyq Ruhy Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Отырыс барысында ҚМА төрағасының орынбасары Қайрат Бижанов әзірлеуге 57 мемлекеттік орган мен ұйым қатысқан Кешенді жоспардың іс-шараларын жүзеге асыруды үйлестіру Қаржылық мониторинг агенттігіне жүктелгенін атап өтті.
Тараптар тасымалданатын жүктер, тасымалдаушылар және олардың көлік құралдары туралы мәліметтерді онлайн алуға мүмкіндік беретін Көлік министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінің ведомстволық жүйелерін біріктіру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ, ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров көліктік құжат айналымының бірыңғай жүйесін енгізу барысы туралы айтты.
Кездесуге қатысушылар интернеттегі заңсыз контентті автоматты түрде анықтау және бұғаттау бағдарламаларын жетілдірудің маңыздылығын да атап өтті. МАМ Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Әлішер Мұқажан түрлі байланыс арналары арқылы халықты қаржы пирамидалары, интернет-алаяқтық, құмар ойындар мен нашақорлықтың қауіптілігі туралы ақпараттандыру барысы туралы баяндады.
Тараптар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында көлеңкелі экономикамен күрестің маңыздылығын атап өтті.
Еске сала кетейік, атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде 2021-2022 жылдардағы көлеңкелі экономика деңгейі Ұлттық жоспарда айқындалған көрсеткіштен орта есеппен 1,4%-ға алда келе жатқаны атап өтілді.