Осыған дейін Газа секторындағы қақтығыстан 13 мыңнан астам бала қаза болғаны хабарланды
Газа секторындағы әш-Шифа ауруханасы маңында қақтығыс жүріп жатыр. Израиль әскері сол жерде жасырынып жатқан ХАМАС мүшелеріне қарсы операция жүргізіп жатқанын және олардың көзін жоймай, тоқтамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Azattyq Ruhy агенттігі Euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Газа секторының солтүстігіндегі әш-Шифа ауруханасы маңында ауыр қақтығыс жүріп жатқаны хабарланған. Израиль армиясы үлкен медициналық кешен ХАМАС пен басқа да палестиналық қозғалыстардың базасы ретінде пайдаланылған туннельдер желісіне байланысты деген уәжбен ол жерде дүйсенбіден бері операция жүргізіп жатыр.
Бірер күн бұрын IDF әскері бұл аймақта кем дегенде 170 адамның өлтірілгенін, операция соңына жетпейінше тоқтатылмайтынын мәлімдеді. Палестиналық дереккөздердің хабарлауынша, шайқаста ауруханадағы кемінде бес науқас қаза тапқан.
Ал Израильдің өзінде осы уақытта соғысқа қарсы қозғалыс күшейіп келеді. Әр сенбі бүкіл елде үкіметке қарсы шерулердің «дәстүрлі» күніне айналды, оның ең үлкені Тель-Авивте өтті. Белсенділер негізгі жолдар мен көше қиылыстарын жауып, белгілі саясаткерлер мен әскери офицерлердің үйлеріне жақындап, кепілге алынғандарды босату үшін атысты тоқтатуды талап етіп жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін Газа секторындағы қақтығыстан 13 мыңнан астам бала қаза болғаны хабарланған.