Атырауда бір жыл бойы бірнеше адамды түрлі тәсілмен алдаған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір алаяқтық дерегімен қылмыстық іс қозғалды

Фото: depositphotos.com

Атырауда бір жыл бойы бірнеше адамды түрлі тәсілмен алдаған күдікті ұсталды. Күдікті қамауға алынып, алаяқтық дерегімен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ұсталған күдіктінің жасы – 30-да. 

«Күдікке ілінген Атырау қаласының тұрғыны 2022-2023 жылдары танысының сеніміне кіріп, жұмысқа тұрғызып беремін деп алдаған. Сөйтіп, жәбірленушіге 800 мың теңге материалдық шығын келтірген. Қылмыстық әрекетін іске асыру үшін әйел даусымен сөйлесіп, бірнеше сим-картаны пайдаланып отырған. Ол мұнымен шектелмей, қала аумағында орналасқан пәтерді жалға алып, оны сатып жіберу үшін алдын ала төлемдер алған. Мысалы, 150 мың теңгеге жалға алған пәтерді 8 млн теңгеге сататыны жөнінде хабарландыру берген. Пәтерді сатып алмақ болған жәбірленушіден автокөлік пен 2 млн теңгеге саудаласып, қаражатты нотариалды түрде қарыз алу шартын жасақтау арқылы алатынын айтқан. Бұдан өзге тұрмыстық техникалық заттарды сатамын деп әлеуметтік желіде жарнама жариялап, бірнеше тұрғынды алдаған», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі. 

Қазір алаяқтық дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.