Соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховтың тапсырмасы бойынша «Қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ведомствоның баспасөз қызметінен хабарлағандай, басты мақсат – алаяқтық жобалардың өмірлік циклын және оларға тартылған салымшылар санын қысқарту.
Бүгінде IT құралдарын пайдалана отырып, қаржы пирамидаларының құрылған сәтінен бастап, ерте анықтау үшін әлеуметтік желілерге талдау жүргізіліп жатыр.
«Биыл бұғаттауға 600 мың адам аудиторияны қамтыған, мыңға жуық қаржы пирамидаларының белгілері бар сайттар мен шоттардың сілтемесі жіберілді. Тек соңғы алты айда интернет желісінде 36 қаржы пирамидасы анықталды. Олар бойынша «WhatsApp», «Telegram» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде 200 чат анықталған. Бүгінгі таңда 182 чат бұғатталды», - делінген хабарламада.
Осылайша, 126 мың азаматтың одан әрі қаржылық шығындарының алды алынды. 73 мың аудиториясы бар 7 ірі шетелдік жоба бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (Eolus, Ниса, GPIBS, Дари получай, Чароит, Carhomi, Beefre). Бір пирамида бойынша сот үкімі бар (Eolus-үкім 23.02.2024 ж. шығарылды).
Сонымен қатар оларды толығымен жою үшін Агенттік қаржы пирамидаларын ұйымдастырды деген күдіктілердің орналасқан жері жайлы ақпаратпен ТМД бойынша әріптестерін хабардар етті.
«Әріптес елдермен өзара іс-қимыл ТМД елдерінің салықтық (қаржылық) тергеп-тексеру органдарының Үйлестіру кеңесі жанынан ҚМА бастамасы бойынша арнайы жұмыс тобын құрудың арқасында мүмкін болды», - делінген хабарламада.
Айта кету керек, қаржы пирамидалары – әлі де қаржылық инвестициялар саласындағы қылмыстық көріністің ең қауіпті модельдерінің бірі. Олардың таралуы азаматтардың қаржылық жағдайына нұқсан келтіреді.
Мамандардың айтуынша, азаматтар қарызға кіріп, көтерме несие алады, қылмыс пен суицидке барады. Мұның бәрі қоғамдағы әлеуметтік шиеленіске әкеледі, ал қылмыстық элементтер одан пайда табуды жалғастыруда. Осыған байланысты, ҚМА қаржы пирамидасын құрғаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін және мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін ескертеді.