ҰҒА ғалымдардың үстінен қарайтын тағы бір әкімшілікке айналмауы керек – Күрішбаев

Автор: Темірхан Айжан

Ғалымдар өңірдегі мәселелерді білмейді, ал өңірлер ғалымдардың мүмкіндіктерінен хабарсыз

Фото: ҚР ҰҒА

ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев Атырауда өтіп жатқан III Ұлттық құрылтайда Қазақстан ғылымының жағдайы туралы мәселе көтерді. Отандық ғылым саласы осы уақытқа дейін мемлекеттің басты басымдықтарынан тысқары қалып келген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.  

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың белсенді ұстанымының арқасында елімізде ғылым мен білім беруді дамытуға бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетілуде. Енді біз ғылымды дамыту стратегиясын дұрыс құруымыз керек. Ол басқа елдердегідей экономиканы дамытуға бағытталған шын мәнінде прагматикалық болуы тиіс. Бұл ретте Ұлттық ғылым академиясына ерекше рөл беріледі. Ол ғалымдардың үстінен қарайтын тағы бір әкімшілікке айналмауы керек. Оның өзіндік бірегей миссиясы мен пайымы бар – тәуелсіз ұсыныстарын беретін автономды, беделді сараптамалық ғылыми ұйым болуға ұмтылу және ғылымды басқару саласында жіберілген жүйелік олқылықтардың орнын толтыру»,-деді Ақылбек Күрішбаев.

Академик ең алдымен, ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын дұрыс анықтау қажет екенін жеткізді.

Ол үш бағытты атап көрсетті:

Біріншіден, Академия базасында экономиканың, ғылымның нақты жай-күйімен және ғылыми-технологиялық дамудың әлемдік трендтерін бағалау арқылы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындаудың объективті жүйесін енгізу;

екіншіден, іргелі ғылыми зерттеулерді қаржыландыру форматын түбегейлі өзгерту қажет;

үшіншіден, аумағы кең Қазақстанда экономиканы теңгерімді түрде дамыту үшін өңірлік ғылымды дамыту өте маңызды.

«Технологиялық дамыған елдердің табысының құпиясы неде? Мысалы, АҚШ-тың әр штатында дерлік ірі зерттеу университеттері бар, олар сол өңірдің экономикасын дамытудың инновациялық орталығы, «ми хабы» болып табылады. Бұл жұмысты тікелей штат губернаторы үйлестіріп отырады.

Ал бізде болса, жағдай мүлдем басқа. Ғалымдар өңірдегі мәселелерді білмейді, ал өңірлер ғалымдардың мүмкіндіктерінен хабарсыз. Тіпті көптеген әкімдіктерде ғылыми салаға жауапты мамандар да жоқ»,- деді ҰҒА президенті.

Академик аталған мәселелерді шешу үшін бірнеше ұсынысын ортаға салды.

«Академия өңірлік университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарды жан-жақты қолдайтын болады, қажет болған жағдайда Академияның мүшелері мен шетелдік серіктестерді тарта отырып, өңірлер үшін ғылыми зерттеулерді дұрыс ұйымдастыруға көмектеседі. Бұл жұмысты өңірлік университеттер базасында облыс әкімінің орынбасарының басшылығымен Ғылым және технологиялық даму жөніндегі Кеңесті құрудан бастауды ұсынамыз. Кеңес құрамына жетекші ғалымдар, академиктер, қоғамдық ұйымдардың, ірі кәсіпорындар мен бизнес-қоғамдастықтың өкілдері кіреді. Кеңестер өңірлердегі өзекті мәселелерді анықтайды және оларды шешудің қолайлы параметрлерін ұсынады»,- деді ол.

ҰҒА Президенті өңірде ғылымды дамыту жөніндегі жұмыс көрсеткіштерін әкімдердің рейтингіне қосып, жобаны өзара іс-қимылға дайын әкімдермен, бірнеше облыста пилоттық режимде бастауды ұсынды.

«Академияның бұл «Өңірлік ғылым өңірлер үшін» атты бастамасы – мен осыған дейін айтқан ғылым саласындағы прагматикалық тәсілдің мысалы. Бұл ғылыми, ғылыми-техникалық саясаттағы жүйелі «олқылықтың» орнын толтырып, ғылымды практикаға және нақты өндіріске жақындатып, осылайша елдің ғылыми-технологиялық әлеуетін нығайта отырып, өңірлердің әлеуметтік және экономикалық дамуына мүмкіндік береді»,- деді спикер.