Жақсылық Үшкемпіровтың турнирі мәресіне жетті

Автор: Azattyq Rýhy

Халықаралық турнирде Қазақстан 2 алтынмен үздік үштікті түйіндеді

Фото: Туризм және спорт министрлігі

Грек-рим күресінен даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровты еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Үш күнге жалғасқан айтулы додада 10 салмақ бойынша жеңімпаздар белгілі болды.

Жарыс қорытындысы бойынша, бейтарап елдің спортшылары 4 алтынмен жалпы есепте топ жарса, Әзербайжан — 3 алтын, Қазақстан 2 алтынмен үздік үштікті түйіндеді.

Қатысушылардың арасында Ресей чемпионы Ерзу Закриев, 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатының қола жүлдегері Руслан Нуруллаев (Әзербайжан), 20 жасқа дейінгі Еуропа чемпионатының жүлдегерлері Давуд Маммадов, Фараим Мустафаев (Әзербайжан) сынды өз салмағының мықты балуандары чемпион атанды.

«Қазақ күресінің аңызы, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың турнирінің өткізілуіне атсалысқаныма өте қуаныштымын. Мен 2015 жылы Рио Олимпиадасының жолдамасы үлестірілген Азия құрлығының іріктеу турнирі, 2019 жылы әлем чемпионаты, 2021 жылы Токио Олимпиадасының құрлықтық жарысына келгенмін. Міне  осы жолы төртінші мәрте ат басын бұрдым. Уақыт өткен сайын Қазақстанның ұйымдастыру дәрежесі, камерамен жұмыс, төрешілердің деңгейі артып жатқанын байқадым. Қазақстанның бапкерлері де өз-өзін қалай ұстау керектігін анық көрсетті. Олар төрешілердің қалай бағалайтынын, неше ұпай беретінін т.б біліп отырды. Бұл да ұйымдастырушылар үшін өте үлкен көмек. Бұл турнир балуандар үшін алдағы ересектер жарысында үлкен көмегі тиеді деп сенемін», — деді UWW техникалық делегаты Сент Левен.

Енді отандық жас балуандар алдағы сәуір айында Қазақстан чемпионатында бақ сынайды.