Сондай-ақ 4 мыңнан астам адам зардап шекті
Иранда от мерекесін тойлау кезінде 26 адам қаза тауып, 4 360 адам жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы жергілікті Mehr агенттігі хабарлады.
Иранның төтенше жағдайлар қызметі басшысының айтуынша, мереке күндері 1,4 мыңға жуық жедел жәрдем станциясы жоғары дайындық режимінде жұмыс істеген. Тек Тегеранның өзінде күн сайын өрт қаупі туралы 1,8 мың қоңырау түсіп, ел астанасының 2 тұрғыны қаза тапқан.
«Көбіне азаматтар от үстінен секіру және пиротехникалық заттарды дұрыс қолданбау салдарынан күйік алған. Зардап шеккендердің көпшілігінің көзі жарақаттанған, 200-ге жуық адам аяқ-қолынан айырылған», - делінген хабарламада.
Айта кетсек, Иранда 21 наурызда басталатын Жаңа жыл қарсаңында ежелден келе жатқан Чахаршанбе-Сури от мерекесі өтеді. Ол әдетте күнтізбелік жылдың соңғы сәрсенбісіне қараған түні тойланады, бірақ мерекенің өзі екі-үш апта бұрын басталып кетеді. Дәстүр бойынша кешке ирандықтар от жағып, үстінен секіреді.