Қытай әлемде электромобильді экспорттау бойынша көш бастады

Автор: Аягөз Құрмаш

Былтыр экспортқа миллионнан астам көлік шығарылған

Фото: CGTN/видеодан алынған кадр

Бейжіңде Қытайдың Ұлттық даму және реформалар комиссиясының директоры Чжэн Шаньцзе екі сессия барысында елдің экономикалық көрсеткіштеріне тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз 2023 жылға қойған экономика көлемі бойынша мақсаттарымызды толық орындадық. Экономикалық өсімнің жаңа көрсеткіштеріне ие болдық. Экономикадағы ортақ жалпы көрсеткіштерді сақтай білдік. Бюджеттік балансқа келетін болсақ, бізге түскен шетелдік инвестиция көлемі де артты», - деді Шаньцзе.

Ол жоғары технологиялар саласында да айтарлықтай өсім бар екенін жеткізді.

«Қызмет көрсету саласында да өсім байқалады. Бұл біздің экономикалық жағдайымыз жақсаруды жалғастырып жатқанын көрсетеді. Ғылыми-техникалық инновация саласына құйылған инвестиция көлемі былтыр 3,3 трлн юаньді құрады», - деді ол.

Шаньцзе елдің макроэкономикалық көрсеткіштері жайлы да айтып берді.

«Былтыр біз макроэкономикалық саясаттың кешенді бағдарламасын қабылдадық. Биыл осы бағдарлама аясындаңы жұмыстарды нығайта түсеміз. Қытайдың электронды автомобильдердің экспорты миллион данадан асты. Бұл көрсеткіш бойынша Қытай әлемде бірінші орынға шықты. Бұл біздің ескі энергиядан жаңа энергияға өтуімізді жылдамдатады», - деді ол.

Еске салсақ, Қазақстан да электромобиль санын арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Қаңтарда Мәжіліс депутаттары электромобиль батареясын жоятын зауыт салу үшін инвесторларды шақыру қажетін айтқан болатын. Жыл санап елімізде электромобиль саны артып келеді.

Мәселен, 2023 жылғы 1 қаңтарда электрқозғалтқышы бар 812 жеңіл көлік тіркелсе, он екі айдың қорытындысы бойынша 7793 электркөлігі тіркелген, бұл дегеніміз электромобиль санының 9,5 есеге өскенін көрсетіп отыр.