Қазақстан ресми түрде бірыңғай уақыт белдеуіне ауысты

Автор: Azattyq Rýhy

Еліміздің батыс аймағында уақыт өзгерген жоқ

Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

Үкіметтің «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Қаулысына сәйкес 2024 жылғы 1 наурыз сағат 00:00-ден бастап елдің бүкіл аумағында бірыңғай сағаттық белдеу белгіленді (UTC+5), деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Осы орайда 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарының және Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында жергілікті уақыт 1 сағат кейінге шегерілді.

29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жолға шығатын жолаушыларға әуе компаниялары мен «Қазақстан темір жолы» АҚ таратқан ақпаратқа баса назар аударып, әуежайлар мен вокзалдарға рейс жөнелтілетін уақыттан әлдеқайда  ертерек келу ұсынылды.

Сондай-ақ 2024 жылдың 29 ақпанында сағат 22:00-ден 2024 жылдың 1 наурызында сағат 02:00-ге дейін eGov.kz порталы жұмыс істемейтінін ескертеміз.