Төтенше жағдай кезінде коммуналды қызмет тарифі 7% төмендейді
Осылайша қазақстандықтар коммуналды қызметке 950 миллион теңге үнемдейді
ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төтенше жағдай кезінде коммуналды қызмет түрлеріне бағаны арзандатады деп жазады Energyprom.kz. Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 наурызда аталған қызмет түрлерінің тарифін төмендетуді тапсырған болатын.
Осылайша 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап коммуналды қызметтің барлық саласында тариф орта есеппен 7% төмендеді. Атап айтқанда:
• ауыз су — 7,6%;
• кәріз жүйесі — 8,2%;
• жылу — 6,8%;
• электр қуаты— 4%.
Тариф төмендегеннен кейін қазақстандықтар бір айда шамамен 950 млн теңге үнемдейді.
2020 жылдың наурызында коммуналды қызмет ақпан айымен салыстырғанда 0,2%-ға, өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда 2,8%-ға қымбаттаған болатын. ҚР аймақтары арасында бағаның жылдық өсімі Батыс Қазақстан облысында (5,4%), елордада (5,2%) және Атырау облысында (5%) байқалған.
Коммуналды қызмет түрлері арасында 2020 жылдың наурыз айында қоқыс, электроэнергия, орталық жылу қызметі, ыстық су тарифтерінің бағасы өскен. Мәселен, қоқыс жинау қызметінің бағасы өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда — 4,6%, электроэнергия — 4%, орталық жылыту — 1,4%, ыстық су — 1,2% қымбаттады.
Газ, суық су, канализация тарифтері керісінше төмендеген. Өткен жылдың наурыз айымен салыстырғанда көгілдір отын құны 0,2% азайса, суық су — 0,4%, канализация 1,2% арзандады.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан